Алматы облысында өзін балағаттаған азаматты атып өлтірген күдікті ұсталды
Күдікті өзінің ашумен оқ атқанын мойындап отыр
Алматы облысының Үлкенағаш ауылдық округіне қарасты жайылымнан денесінде зорлық-зомбылық белгілері бар ер адамның мәйіті табылды, деп хабарлайды Экспресс К.
Полиция қызметкерлері қылмыстық істің мән-жайын анықтады.
"Оқиға орнына жіберілген жедел тергеу тобы ақпаратты растады. Аяғына оқ тиген 41 жастағы ер адам Көктал ауылдық округіне қарасты Ақжазық ауылының тұрғыны болып шықты. Жедел іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері 2 сағат ішінде аталған қылмысқа қатысы бар күдіктіні ұстады. Жәбірленушіге оқ атқан 39 жастағы Үлкенағаш ауылының тұрғыны өз кінәсін мойындап отыр. Күдіктіден 12 калибрлі сыңар ауыз аңшы мылтығы тәркіленді. Тиісті сараптамалар тағайындалды",- деп мәлімдеді Панфилов аудандық полиция бөлімінің басшысы Жандос Қавлиев.
Күдіктінің айтуынша, сағат 10 жарым шамасында ол қой бағып жүрген. Оның жанына ат мінген белгісіз біреу келіп аумақтық талап қойып, балағаттап, оны қамшымен сабаған. Күдікті оған қару кезегенде дөрекі сөйлеп, мазақ қылған. Күдікті ашумен оқ атқанын айтты.
«Қылмыскер ҚПК-нің 128-бабына сәйкес уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Екі адам арасындағы кикілжің пен дөрекі қарым-қатынас өлімге әкеп соқты», - дейді подполковник Жандос Қавлиев.