Оралда әйел адам саунада асылған күйінде табылды
Қайғылы оқиға 6 желтоқсанда болған
Оралда саунада асылып қалған әйел адамның денесі табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мой Город» порталының жазуынша, қайғылы оқиға 6 желтоқсанда болған.
44 жастағы әйел Nirvana саунасының қожайыны болған. Көршілері әйелдің бәрімен тату-тәтті қарым-қатынаста болғанын, ешкіммен жанжалдасып, кикілжіңге бармағанын айтады.
«Көрген жерде сәлемдесіп тұратынбыз, болды. Көп араласпайтын. Бұл жер сауна болғандықтан, әрқашан түрлі кештер болып тұрады. Қалайша бұлай болғанын білмеймін», – дейді көршілер.
БҚО ІІД баспасөз қызметі 6 желтоқсан күні сағат 21:00-де полицейлер Мулдағалиев көшесіндегі жұмыс орнындағы қосалқы ғимараттан 44 жастағы әйелдің мәйітін тапқанын хабарлады.
«Сот-медициналық сараптамасының қорытындысы әйелдің асылып өлуінен болғанын анықтады. Өз-өзіне қол жұмсау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, тиісті сараптамалар тағайындалды. Тергеу мүддесі үшін және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы аясында өзіне-өзі қол жұмсаудың қалған мәліметтері мен себептері ашылмайды», - деп хабарлады полиция.