Петропавлда жол қиылысында автобус екі адамды қағып кетті
Ер адамның үш қабырғасы сынған, бас сүйегі жарақаттанған
Петропавлда жол қиылысында қоғамдық көлік екі адамды қағып кетті. Олардың бірі ауыр дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Жол-көлік оқиғасы Бөкетов және Пушкин көшелерінің қиылысында тіркелді. Көшеде орнатылған бейнебақылау камерасына түсірілген жазбада жаяу жүргіншілердің бағдаршамның жасыл түсінің жанғанын күтпей жолды кесіп өтпек болғаны көрініп тұр. Қатты жылдамдықпен келе жатқан автобус тоқтап үлгермеді. Бейнежазбадан автобустың екі жаяу жүргіншіні шамамен 5-6 метр жерге дейін итергені көрініп тұр.
«Екі жаяу жүргінші зардап шегіп, олардың біреуі Петропавл қаласындағы ауруханаға жатқызылды. Аталған факт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің біріңғай тізіліміне енгізілді. Жан-жақты зерттеу жүргізіледі. Сотқа дейінгі тергеу аясында сараптамалар тағайындалып, нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады», - деді СҚО Полиция департаменті ішкі және сыртқы комуникациялар бөлімінің басшысы Сән Жұмағазина.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары жаяу жүргішілердің бірінің үш қабырғасы сынып, басынан жарақат алғанын жеткізді.
«2007 жылы туған қыз бала облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Оның жарақаты жеңіл болды, сондықтан тиісті медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне жіберілді. Қыздың жанында болға жігіт шамамен 30 жаста. Ол облыстық көпбейінді аурухананың нейрохирургия бөлімшесіне жатқызылды. Ер адамның үш қабырғасы сынған, бас сүйегі жарақаттанған. Дәрігерер оған тиісті көмекті жасайды. Жағдайын бағалау әзір ерте», - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хатшысы Гүлнар Қалиева.