Алматыда «Алтын Орда» базарында ер адамды 2 мың теңгеге сатып жіберген

Azattyq Rýhy

Тіпті, әлі дүние есігін ашпаған, ішіндегі шаранасын саудаға салып жүргендер де аз емес екен

Адам саудасы бойынша халықаралық рейтингте Қазақстан екінші орында тұр. Биыл да ел ішінде 141 қылмыстық іс қозғалған. Ішкі істер министрлігі бұл бағытта атқарып жатқан жұмыстар аз емес дейді. Бірақ соған қарамастан жағдай оңалар емес, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Әсияның ағасы Тараздағы базарлардың бірінде етікші болып, нан тапқан. Табысы мардымсыз болғандықтан, Алматыға жол тартыпты. «Алтын Орда» базарында 40 жастағы ер адамды әлдекім 2000 теңгеге сатып алған дейді.

«Бір машина келіп, киімдерін, құжаттарын алып кетпек болыпты.. Сосын ағам әпкемізге айтыпты, «Мені жібермеші, мыналарды киімдерімді аламын деп алдап-сулап алып келдім» депті. Сөйтсе алып келгендер «Біз мұны 2000 теңгеге сатып алғанбыз» депті. Сонда «Алтын Орда» базарында мылқау адамдарды сатады екен. Алматыда бір фирмада ұстап отырған екен, ұрып, соғатын көрінеді», - дейді қарындасы Әсия.

Қылмыстың бұл түрі арзан жұмыс күшіне деген сұраныстан басталып, зорлық-зомбылыққа жалғасады. Тіпті, әлі дүние есігін ашпаған, ішіндегі шаранасын саудаға салып жүргендер де аз емес екен. «Баламды сенімді қолға беремін» деп жарнамалайтындардың да көздегені ақша көрінеді.

Ал құзырлы органдардың айтуынша, адам саудасына қарсы тұруда тұрғындардың қырағылығы маңызды. Олар  жастарға шетелде жұмыс беруге, жоғары табыс табуға уәде беретін де жағдайлар барын ескертті.

«Ешкімге жеке құжаттарыңызды бермеңіздер, жұмыс түрін анықтап алыңыздар. Басқа қалаға немесе елге шықпас бұрын құжаттарыңыздың көшірмесін қалдырып кетіңіздер. Және мекенжайыңызды жақындарыңызға айтып қойыңыз», - деді ҚР ІІМ Криминальдық полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Нұрмағамбетов.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.