Елордада банк «тонамақ» болған үш жасөспірім ұсталды
Кәмелетке жасы толмағандардың қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін олардың заңды өкілдері жауапқа тартылды
Әлеуметтік желіге ролик түсіру мақсатында қоғамдық тәртіпті бұзған кәмелетке толмағандар ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, елордадағы банктердің бірінің менеджерінен «102» арнасына белгісіз адамдардың ғимаратта жүргені және клиенттерге қоқан-лоққы жасағаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері фактіні растаған жоқ.
Тексеру барысында 14-15 жастағы үш жасөспірімнің Достық көшесі бойындағы банк ғимаратына қаржы институтын өтірік тонау видеосын түсіру үшін кіргені анықталды. Олар ойыншық тапанша қолданып, видео түсірім жасап, одан кейін бой тасалаған.
Полиция қызметкерлері аталған үш жасөспірімді анықтап, олардың заңды өкілдерін ішкі істер органына шақырған.
«Балалар ролик түсірумен айналысатын киноакадемияда тәлім алады. Сабақ барысында оларға тонау сәті бейнеленген ролик түсіру тапсырмасы берілген. Сценарий бойынша қыз бала банк ғимаратына кіргеннен кейін ойыншық тапаншаны серіктесіне кезенген кезде үшіншісі сол сәтті камераға түсіріп алған. Осы уақытта банк ғимаратында өзге де келушілер болған», - делінген ПД хабарламасында.
Қазіргі уақытта аталған факт бойынша киноакадемия басшылығына қатысты ҚР ӘҚБтК-тің 128 бабымен әкімшілік іс қозғалды. Кәмелетке жасы толмағандардың қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін олардың заңды өкілдері жауапқа тартылды. Ата-аналарының үстінен ҚР ӘҚБтК-тің 435 бабымен әкімшілік іс қозғалып отыр.
«Жиналған материл процессуалдық шешім қабылдану үшін Нұр-Сұлтан қалалық кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жіберілді», - делінген хабарламада.