Алматыда 12-қабаттан секіріп көз жұмған оқушы қыз жерленді
Суицид жасаған 17 жастағы оқушының денесін Шаңырақ ықшамауданындағы үйінен шығарды
Алматыдағы көпқабатты тұрғын үйдің 12-қабатынан секіріп көз жұмған қызды жерлеу рәсімі өтті. Жаназаға жиналған жұрттың қарасы қалың, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Экспресс К басылымына сілтеме жасай отырып.
Суицид жасаған 17 жастағы оқушының денесін Шаңырақ ықшамауданындағы үйінен шығарды. Имам құран оқыды. Кейін жиналғандар қыздың денесін жерлеуге жақын маңдағы мазарға алып кетті.
Қайғылы жағдайға байланысты ата-анасы, туыстары ақпарат беруден бас тартты.
Еске салсақ, Алматының Алмалы ауданында орналасқан көпқабатты үйлердің бірінде жас қыз он екінші қабаттан секіріп кеткен болатын. Полицейлер жасөспірімнің өлі денесін үйдің кіреберіс шатырынан тапқан.
Сонымен қатар, көз жұмған қыздың соңғы хаты делінген жазба табылды. Сіңлісіне арналған қоштасу хаты WhatsApp мессенджері арқылы тарады.
Бұл соңғы хаттың шынымен де 17 жасар қыздың жазғандығын оған жақын жандардың бірі растады. Ол сондай-ақ, артында үш сіңлісі қалғанын айтты.