Қызылорда облысында балаларына екпе салуға қарсы ата-аналар түсіндіру тобына жұмыртқа лақтырды
Елімізде балалар мен аналарға Pfizer вакцинасы салынып жатыр

Қызылорда облысы Шиелі ауданына қарасты Алғабас ауылында антиваксер ата-аналар санитарлық эпидемиологиялық бақылау басқармасының қызметкерлеріне жұмыртқа атып, балаларына вакцина салдырудан үзілді-кесілді бас тартты деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
12-17 жас аралығындағы балаларға Pfizer вакцинасы салынатыны туралы ақпарат әлеуметтік желі арқылы тараған. Осыны түсіндірмек болып ауылға келген мамандарды жергілікті тұрғындар құшақ жайып қарсы алған жоқ, бірден сұрақ астына алды.
Ата-ананың бірі вакцинаның салдарынан қорқатынын айтса, өзгесі түсіндіру тобының уәжін түсінбедік деп шағымданды, үшіншілері онсыз да науқастанып жүрген балаларына ешқандай екпе салдырмайтынын ашып айтты.
Ауылдың мәдениет үйіне жиналған қос тарап ақыры тіл табыса алмады. Ашуға булыққан ата-аналардың бірі санитарлық эпидемиологиялық бақылау мамандарына жұмыртқа лақтырып, өз наразылығын білдірді. Ал, ауыл әкімі болса осынау шараның өтіп жатқанынан мүлдем бейхабар болып шықты. Ауылға әкім болып отырғанына 4 ай болған халық қалаулысы құзырлы органдардан екпе жайында ешқандай тапсырма болмады деп отыр.