«Ұлымды әкімдік қызметкері қағып өлтірді»: Тараздық әйел Президентке үндеу жолдады
Қара жамылған ананың айтуынша, апатқа кінәлі адам әлі бостандықта жүр
Тараз қаласының тұрғыны Гаухар Қапбарбекова 18 жасар ұлын көлік қағып өлтіргенін айтады. Айтуынша, жүргізуші әкімдік қызметкері және ол әлі күнге дейін бостандықта жүр, деп хабарлайды Express Qazaqstan.
Әлеуметтік желіде ұлынан айырылған ананың жанайқайының видеосы жарияланды. Онда қара жамылған әйел Президент пен халықтан көмек сұрайды. Әйел өзін Гаухар Қапбарбекова деп таныстырады. 23 қараша күні таңғы уақытта ұлын көлік қағып кетіп, 18 жасар баласы мерт болғанын айтады.
"Құрметті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев және халқым! Осы видеоүндеуді өздеріңізге жолдаймын. Тараз қаласында 23 қараша күні таңғы сағат 6-да менің бесіктен белі шықпаған 18 жасар ұлымды әкімдік қызметкері Жанайдар Жолдасов есімді жігіт өзінің БМВ автокөлігімен қағып өлтіріп, қашып кетті. Ол әлі бостандықта жүр.
Президент мырза және халқым! Сіздерге өтінішім әкімдік қызметкеріне әділ, тиісті шара қолданып, жазасын берулеріңізді және істі жауып тастамас үшін өздеріңізден алдын ала көмек сұраймын. Халқым осы видеоны таратуларыңызды сұраймын", – дейді ұлынан айырылған ана.
Жамбыл облыстық Полиция департаменті жол апатына қатысы бар күдікті қамауға алынғанын айтты.
"Аталған жол-көлік оқиғасы бойынша Қылмыстық кодексінің 345 және 347-баптары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 28 жастағы күдікті анықталып, ұсталды. Қазіргі уақытта уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Тиісті сараптамалар тағайындалды", – деп мәлімдеді Полиция департаментіндегілер.