Мұздатқышқа салынған нәресте өлімі: дәрігерлер колонияға ауыстырылды
Дәрігерлер атышулы іс бойынша 18, 16 және 15 жылға бас бостандығынан айырылған болатын
Перинаталды орталықтың бас дәрігері Қуаныш Нысанбаев, акушер-гинеколог Асқар Қайыржан және акушер Жәмилә Құлбатырова тергеу абақтысынан колонияға ауыстырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап.
«Қуаныш Нысанбаев пен Асқар Қайыржан Орал қаласындағы қатаң режимдегі колонияға ауыстырылды. Атышулы іс бойынша тағы бір айыпталушы Жәмилә Құлбатырова жазасын Алмагүл ықшамаудандағы әйелдер колониясында өтейтін болды. Неонатолог дәрігерлер Руслан Нұрмұхамбетов пен Дариға Жұмабаева пробация қызметінің бақылауына алынды», - делінген хабарламада.
Айта кету керек, акушер-гинеколог Асқар Қайыржан «Ақ Жайық» редакциясына сұхбат беру туралы ұсыныспен хат жолдаған. Алайда Қылмыстық атқару жүйесі департаменті мен облыстық сот тілшіні тергеу изоляторына кіргізуден бас тартқан. Жақында редакция Қуаныш Нысанбаевпен және Асқар Қайыржанмен кездесуін ұйымдастыру өтінішімен ҚАЖД-ға сұраным жолдағанымен, олардың этаппен ауыстырылғаны белгілі болды.
Еске салсақ, перинаталды орталықтың бас дәрігері Қуаныш Нысанбаев, акушер-гинеколог Асқар Қайыржан және акушер Жәмилә Құлбатырова алдын ала сөз байласу арқылы жаңа туған нәрестені өлтіруге кінәлі деп танылып, тиісінше 18, 16 және 15 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Ал дәрігер-неонатологтар Руслан Нұрмұхамбетов пен Дариға Жұмабаева қылмыс туралы хабарламағаны үшін үш жылға бас бостандығын шектеу жазасын алды.