Өскеменде «тиран» күйеуінен 5 баласымен қашып шыққан әйелге көмек көрсетілді
Бірнеше жылдан бері күйеуі оны үнемі ұрып-соғып жүрген
Өскемен қаласының полиция басқармасына қала тұрғыны көмек сұрап жүгінген, деп хабарлайды Алтайньюс.
Бес баласы бар әйел өзін күйеуі үнемі ұрып-соққандықтан үйден қашуға мәжбүр болғанын айтқан.
Маргарита аталған азаматпен бірнеше жыл бойы азаматтық некеде тұрғаны белгілі болды, осы уақыт ішінде олардың бес баласы болған.
«Соңғы жыл қарым-қатынасымызда қандай да бір үрей-қорқыныштар басталды, жұбайымда алкогольге тәуелділік пайда болып, спирттік ішімдік ішкеннен кейін маған бірден шағымдар айтып, тек мені ғана емес, балаларды да ұра бастады. Үйде ештеңеге көмектеспейді, бәрі маған жүктелді. Мен одан кетіп қалуға қорықтым, өйткені өзім балалар үйінен шыққанмын – көмектесетін басқа ешкім жоқ, сонымен қатар неше жыл бойы жұмыс істемей үйде балалармен отырдым», - дейді Маргарита.
Алайда 23 қарашада Азаматтық некедегі жұбайының тағы бір агрессивті мінезінен кейін Маргарита шыдай алмаған. Балаларды жинап, түнде үйден қашып кеткен. Қала сыртында орналасқан құрбысының шаруа қожалығына бет алған, алайда ол жерде ұзақ уақыт бола алмайтынын білген.
«Маргарита Өскемен қаласының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бойынша полиция қызметкерлерінен көмек сұрап, өз тарихын айтып берген. Мұнда оған психологиялық көмек көрсетіліп, кәмелетке толмаған балалармен бірге уақытша тұратын орын ұсынылды. Әрине, бұл отбасы полиция қызметкерлерінің бақылауында болады, болашақта оларға көмек пен қолдау көрсетіледі», - деп түсіндірді Өскемен қалалық полиция басқармасының бастығы Андрей Мула.