Кузбасс шахтасындағы жарылыстан 52 адам қаза тапты
Кемерово облысының билігі апаттан кейін 26-28 қараша аралығында үш күндік қаралы күн жариялады
Кемерово облысындағы Листвяжная шахтасында метан жарылысы салдарынан 52 адам, оның ішінде алты құтқарушы қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы ТАСС агенттігі Төтенше жағдайлар қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Төтенше жағдай салдарынан ешкімнің аман қалмағаны нақтыланды.
Бұған дейін хабарланғандай, 11 кенші мен үш құтқарушының қаза тапқаны белгілі болған еді.
35 кенші мен тағы үш құтқарушының тағдыры ресми түрде белгісіз деп танылған болатын.
Айта кетсек, 25 қарашада таңертең Кемерово облысының Белово қаласындағы «Листвяжная» көмір кенішін түтін басып қалған. Кейіннен Ресей бас прокурорының орынбасары Дмитрий Демешин «Листвяжная» шахтасындағы төтенше жағдайдың алдын ала себебі ретінде метан жарылысы қарастырылып жатқанын айтты.
Кемерово облысының билігі апаттан кейін 26-28 қараша аралығында үш күндік қаралы күн жариялады.
Қазіргі уақытта қайғылы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Аталған қайғылы оқиғаға байланысты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинге көңіл айту жеделхатын жолдады.