ШҚО-да мемлекетке 2 млрд теңге шығын келтірген қылмыстық топ қолға түсті
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр
Қаржылық мониторинг агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша аумақтық департаменті облыс прокуратурасымен бірлесе отырып, 2017-2019 жылдар аралығында жалған шот-фактураларды заңсыз жазып берумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ қызметінің жолын кесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тергеу барысында қылмыстық топ мүшелері Өскемен және Алматы қалаларының аумағында кәсіпорындарды номиналды директорларға тіркегені анықталды.
"Кейіннен олардың атынан басқа контрагент кәсіпорындарға жалған бухгалтерлік құжаттар жазылып, жалпы айналымның жалпы сомасының 1,5% алып отырған. Мемлекетке төленбеген салық түріндегі залалдың болжалды сомасы 2 млрд теңгеден асады", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар ұйымдасқан қылмыстық топ ұйымдастырушыларының біріне қатысты ақша мен мүлікті заңдастыру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Атап айтқанда, қылмыстық жолмен тапқан табысына күдіктілер автокөлік пен гидроцикл сатып алған, сондай-ақ бизнес (мейрамхана, шағын қонақүй және массаж салоны) ұйымдастырып , 37 млн теңге көлемінде табыс тапқан.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.