Бір адам көз жұмды: Маңғыстауда жүргізуші 3 жаяу жүргіншіні қағып кетті
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға Бейнеу ауылында болған
Маңғыстауда жүргізуші үш жаяу жүргіншіні қағып кетті. Қатты соққы салдарынан бір адам оқиға орнында қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға Бейнеу ауылында болған. Жеңіл көлік иесі жаяу жүргіншілерді 18 қараша күні сағат 07:30 шамасында соққан.
«А.Жұбанов-Қашаған көшелерінің қиылысында «Лада Калина» көлігінің 46 жастағы жүргізушісі жол апатын жасап, үш жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Оқиға салдарынан 43 жастағы жаяу жүргінші алған жарақаттарынан көз жұмды», - делінген хабарламада.
Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігімен Бейнеу аудандық ІІБ сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
«Қазіргі уақытта тергеу басталды. Басқа мәліметтер тергеу мүддесі үшін жарияланбайды», — деді облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.