Ақтөбеде көлік аударылып, екі адам зардап шекті

Azattyq Rýhy

Тәртіп сақшылары жүргізушілерді аса сақ болуға шақырады

Фото: ашық дереккөзден

Ақтөбеде жеңіл көлік аударылып, екі әйел Кеңқияқ ауылдық ауруханасына түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік апаты Жаңажол ауылы жағынан Қожасай кентіне бара жатқан жолда болған. 

«Митсубиси Delica» автокөлігінің 45 жастағы жүргізушісі рөлге ие бола алмағандықтан, көлік аударылып кеткен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан екі әйел Кеңқияқ ауылының орталық ауруханасына жеткізілді», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Облыстық ПД өкілдері ауа райының қолайсыздығына байланысты жүргізушілерді аса сақ болуға шақырады.

«Егер сапарды кейінге қалдыру мүмкін болмаса, автокөлік жүргізушілері жылдамдық режимін шамадан тыс асырмай, маневр жасамауы қажет. Қиылыстарда, жаяу жүргіншілер өткелдерінде және қоғамдық көлік аялдамаларында ерекше қырағылық танытуы керек», - деді ПД өкілі.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.