Ақтөбе облысында белгісіз мал ауруы тарай бастады
Бестамақ ауылы тұрғындарының қой-ешкісінен бастап, мүйізді ірі қарасы белгісіз індетке шалдыққан
Ақтөбе облысында белгісіз мал ауруы тарап жатыр. Алға ауданында мүйізді ірі қараның сілекейі ағып қызуы көтерілсе, буыны әлсіреген қой-ешкі жүре алмай қалады екен. Тұрғындар аусыл тарады ма деп алаңдаулы, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «КТК» телеарнасына сілтеме жасап.
Алға ауданына қарасты Бестамақ ауылының тұрғындары алаңдаулы. Қорасындағы қой-ешкісінен бастап, мүйізді ірі қарасы белгісіз індетке шалдыққан. Бұрын ақырдағы жем-шөптен бас алмайтын төрт түлігі бір жұтым су да ішпей қалыпты.
«Аузынан су шұбырып тұрады. Шөп жемейді. Жем жемейді. Су ішпейді. Ыңырсып тұра береді. Әуелде сиырды аусыл деп қорықтық. Бәрі де солай деді. Қойға аяққа түседі, сиырдың аузы сондай болады деді», - деді Бестамақ ауылының тұрғыны Ахмадин Мұқашов.
Белгісіз бұл кеселден тек қана ірі қара малы емес, ұсақ малдар да ауырған. Әсіресе қойдың алдыңғы екі аяғы бүктетіліп, еңбектеп жүре алмай қалған.
Бұл індеттен Бестамақ аулында әзірге 7 бас мал өлген. Дегенмен тұрғындар өз бетінше елден естіген ем-домын жасап жатыр. Кеселдің кесірінен мал ұстаудан қорқып қалғанын жасырмайды.
Жергілікті шенеуніктер бұл кеселден малға да, адамға да қауіп жоқ деп отыр. Ауру белгілері аусылға ұқсағанымен, ондай қауіпті емес деп сабырға шақырады.
«Адам денсаулығына тікелей әсер ететін, иә болмаса, тағы да бір жұқпалы мәселелер бойынша ешқандай да факт тіркелген жоқ. Расталған жоқ. Ветеринарлық ұлттық орталыққа жіберіп, ол ұлттық орталықтың сынаманың қорытындысы бойынша бұл инфекциялық ринотрахеит ауруы деп анықталған болатын», - деді Алға ауданы әкімінің орынбасары Мейірхан Ермағанбетов.
Бұл ауру Алға ауданының Бестамағынан бөлек, көрші екі ауылда анықталды. Індет малдан малға жұғады. Ринотрахеит жұқтырған мал төл тастайды екен. Сауынды сиыр болса, сүті қашады дейді мамандар. Ал етін ауру жазылған соң екі аптадан кейін жеуге болады.