Шортандыдағы газ баллоны жарылысынан зардап шеккен бала көз жұмды
Жарылыс салдарынан зардап шеккен тағы үш баланың бірі ауыр жағдайда жатыр

Ақмола облысына қарасты Шортанды кентінде газ баллоны жарылысынан зардап шеккен 12 жастағы бала көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Нұр-Сұлтан қаласы Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 20 қараша күні кешкі уақытта газ баллоны жарылысы салдарынан зардап шеккен 2009 жылы туған бала қайтыс болған.
«Ақмола облысының Шортанды ауылында болған газ баллоны жарылысынан зардап шеккен бала елордалық ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілген. Ол дереу реанимация бөліміне жатқызылды, себебі жағдайы өте ауыр болды. Дененің термиялық күйігі 70 пайыз болды. Сондай-ақ өте ауыр дәрежедегі күйік шогы да байқалды», - делінген Нұр-Сұлтан қаласы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хабарламасында.
Басқарма өкілдері барлық жүргізілген емдеу шараларына қарамастан, жансақтау бөлімшесінде болған науқасты құтқару мүмкін болмаған.
«20 қарашада баланың жүрегі тоқтады. Жансақтау шаралар аясында жүрек қызметі қалпына келмеді. Сағат 21:00-де биологиялық өлім анықталды. Біз баланың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз», - деп толықтырды ведомстводан.
Сондай-ақ қазіргі уақытта жарылыс салдарынан зардап шеккен тағы үш баланың бірінің жағдайы ауыр.
«Үш баланың бірінің денесі 60 пайыз күйік алған, жағдайы өте ауыр, жансақтау бөлімшесінде жатыр. Өткен аптада тағы екеуі бейінді бөлімшеге ауыстырылды, онда барлық қажетті ем алып, дәрігерлердің бақылауында болады. Балалардың жағдайы тұрақты, динамикада нашарлаусыз», - делінген ақпаратта.
Айта кетейік, 16 қараша күні Ақмола облысының Шортанды кентінде газ баллоны жарылып, 3 адам көз жұмды, тағы он адам ауруханаға түскен болатын. Оқыс оқиға түнгі сағат 22:00 шамасында Шортанды кентінде Линейная көшесіндегі үш пәтерлі барак үйде болды. Жарылыстан кейін 3 пәтер өртеніп, оның бір бөлігі құлады.