Шымкентте арзан көлік әперемін деген алаяқ жас жігіттің 3,5 млн теңгесін жымқырып кетті
Жәбірленуші көлікті бес айға жуық уақыт күткен

Шымкент тұрғыны танысына арзан бағада көлік әперемін деп 3,5 миллион теңгесін алған. Алайда көлікті бес айға жуық күткен жас жігіт соңында ақшасын қайтарып ала алмай, полицейлерден көмек сұраған, деп хабарлайды Express Qazaqstan.
Түркістан облысы, Келес аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданған. Жас жігіт танысына сеніп ақша беріп, соңында сан соғып қалыпты.
Оның айтуынша, көлік алып-сатумен айналысатын танысы Алматы қаласындағы ломбардтардың бірінен арзан бағада "Hyundai Elantra" маркалы автокөлігін 3,5 миллион теңгеге алып беремін деп сеніміне кірген. Көлік аламын деген жігіт көрсетілген соманың 2 миллион теңгесін қолма-қол, қалғанын банктердің мобильді қосымшасы арқылы аударған.
"Аталған жайтты полиция қызметкерлері Қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеді. Күдікті Шымкент қаласынан ұсталды. Шымкенттік жігіт ақшаны өзінің бас пайдасы үшін жұмсап жіберген. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің бұдан басқа да қылмыстарға қатыстылығы анықталуда",-деді Түркістан облыстық Полиция департаментінің өкілдері.