Атырау облысында көлік жүргізушісінен 50 келіден астам бекіре балығы тәркіленді
Аталған іске қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды
Атырау облысының Исатай ауданында көлік жүргізушісінен 50 келіден астам бекіре балығы тәркіленді. Бұл туралы Атырау облыстық полиция департаменті хабарлады.
Ресми мәліметке сүйенсек, бекіре тұқымдас бағалы балықты заңсыз тасымалдаған жүргізуші Исатай ауданында ұсталған.
«Департаменттің балық қорына қылмыстық қол сұғушылыққа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері «Браконьер» іс-шарасын өткізіп жатыр. Олар 11 қарашада сағат 8:50 шамасында патрульдік полиция инспекторларымен бірге «Ақтөбе-Ресей Федерациясы шекарасы» бағытындағы тас жолдың 616-шақырымында «Лада Гранта» көлігін тоқтатқан. Бұл көліктің иесі Исатай ауданының 37 жастағы тұрғыны болып шықты. Көлікті тексеру кезінде жүк салғыштан шамамен 50-60 келі көлеміндегі ақ түсті 3 қаптарға салынған бекіре тұқымдас балықтарын анықтап, тәркіледі», - деп мәлімдеді департаменттің баспасөз қызметінен.
Қазір ұсталған көлік жүргізушісіне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабының 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды.