Қызбен кездесудің соңы полицияға арызданумен аяқталды
Оқиға Нұр-Сұлтан қаласында орын алған
Елордада қызбен кездесуге барған жігіт телефонынан айырылды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Полиция департаментінің мәліметінше, жігіт бойжеткенмен таксиде танысқан. Бірнеше күннен соң кездесуге шақырған.
"Екеуі дәмханада ішімдік ішіп, қонақүйге бет алған. Жігіт бөлмеде ұйықтап қалған кезде күдікті Samsung G2 телефонын қолды етіп, қонақүйден кетіп қалған. Іздеу шараларының нәтижесінде 30 жастағы әйел ұсталды. Ол ұрлық жасағанын мойындап отыр. Телефон иесіне қайтарылды. Оның ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр", – делінген хабарламада.
Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті бейтаныс адамдарға сенбеу керектігін ескертеді. Жеке заттарды қараусыз қалдырмауға кеңес берді.