Степногорсктегі мектеп-интернатта оқушылар өздерінен кішілерге әлімжеттік жасаған
Мектептегі әлімжеттік оқиғасына қатысты іс қозғалды
Ақмола облысының Степногорск қаласында спорт саласындағы дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернатының оқушылары өздерінен төменгі сынып оқушыларына әлімжеттік жасаған. Полиция бұл істі қолға алды, деп хабарлайды Liter.kz.
Оқушылар арасындағы әлімжеттік оқиғасының бейнежазбасы әлеуметтік желілерде тарады. Видеодан жоғары сынып оқушыларының бірі екі баланы ұрып-соғып, тепкілеп жатқанын көруге болады.
Степногорск әкімдігінде аталған оқиғаға байланысты шұғыл кеңес өткізілді.
«Біз облыстық кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға және Ақмола облысының спорт басқармасына осы жағдайға жол берген облыстық мектеп-интернат әкімшілігіне қатысты шаралар қабылдау туралы хат жолдаймыз. Қазіргі таңда кәмелетке толмағандар мен мектеп әкімшілігіне қатысты қылмыстық іс қозғалды", - деді Степногорск қаласы әкімінің орынбасары Гүлназ Әбілова.
Ол 14 жасқа толмаған балалардың қылмыстық қудалаудан құтылатынын түсіндірді. Дегенмен, жасөспірімдердің барлығы интернаттан шығарылып, қалалық ювеналды полицияның есебіне алынады және басқа да шаралар қабылданатынын ескертті.