Павлодар облысында ауыл әйелдері арасында өткен байқаудың соңы төбелеске ұласқан
Ауыл тұрғыны құқық бұзғаны үшін 15 АЕК көлемінде айыппұл төлейді
Успен ауданындағы ауылдарының біріндегі мәдениет үйінде жылдағы дәстүр бойынша «Ауыл әйелдері күні» байқауы өткен, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, әйелдер оған ұзақ уақыт дайындалып, өз таланттарын көрсеткен. Сондай-ақ жеңімпазды көруге және дауыс беруге ауылдың барлық тұрғындары келген.
«Байқаудың жеңімпазы көрермендердің қошеметтері мен дауыс беру арқылы анықталды. Бұл шешімге ауыл тұрғындары да риза болған, өйткені бірінші орынға ие болған жеңімпаз үлгілі жар және аяулы ана. Марапаттау рәсімінде оған грамота мен бас жүлдеге тонна көмір алуға сертификат берген. Бірақ жеңімпазды таңдау бәріне бірдей ұнай қоймаған. Ауыл мекемесінің қызметкерлерінің бірі жеңімпазға деген жеке көзқарасы мен қызғаныштан конкурстың қорытындысымен келіспеген. Мәдениет үйінде мерекелік дастархан басталатын күні ішімдік ішіп, жеңімпазбен есеп айырысуға бел буады», – дейді департаментте.
Осылайша ол құрбысына қонаққа келген жеңімпазды іздеуге аттанды. Бөтен адамның үйіне баса-көктеп кірген әйел қызғаныштан жеңімпазды ұрып-соғып, айқайлап, үйде ұйықтап жатқан кішкентай балаларды оятқан. Пәтер иесі оны сабырға шақыра бастаған, алайда ол керісінше, одан сайын жеңімпазбен бірге пәтер иесін де ұра бастаған.
«Бұл оқиғадан кейін зардап шеккен әйелдер бірден полицияға жүгінбеген, өйткені қорыққан. Алайда кейін полицияға арыз берді. Медициналық сараптама олардың соққыға жығылғанын және гематомалар бар екенін анықтады. Құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 73-1-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды, істі аудандық сот қарады», - деді баспасөз қызметі.
Полиция ауыл тұрғынына 15 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге тура келетінін атап өтті.