Күдіктілер тобы бар: ТЖМ министрі Абай шахтасындағы жарылыстың басты себебін айтты
Абай шахтасының жабылуына қатысты мамыр айында сот ұйғарымы шыққан

Еліміздің Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Қарағанды облысы Абай шахтасындағы жарылысқа метан концентрациясының 41% көбейіп кетуі себепші болғанын мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Шахтада метанның ауаға таралуы салдарынан 08:24-те жарылыс болған. Апатқа концентрацияның бірнеше есеге көбейіп, 41%-ға жетуі әсер еткен. Қайтыс болған 6 адам метан газының тараған аумағында болған, ал ауруханадағы екі жұмысшы шахтаның кіре берісінде болып, қорғаныс құрылғыларын киіп үлгерген. Метан шығындыларының көбейіп кетуіне не әсер еткенін комиссия анықтайтын болады. Мүмкін технологиялық процесс барысында қандай да бір заң бұзушылық орын алған болуы мүмкін», - деді министр.
Министр оқиғаның болуына кінәлі күдіктілер тобы бар екенін жасырмады.
«Кез келген тергеу амалдарының өзіндік талаптары бар. Әзірше, нақты кінәлі адам анықталмады. Бірақ күдіктілер тобы бар және олардың кінәсі дәлелденсе, қылмыстық жауапқа тартылады», - деді Юрий Ильин брифинг барысында.
Министрдің айтуынша, биыл мамыр айында өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті Қарағанды облысындағы сот органдарына Абай шахтасының жабылуын талап еткен ұйғарым жіберген.
«Ұйғарымнан кейін Экономикалық соттың шешімімен барлық материалдар қаралып, бақылау тексерісі кезінде шахта жұмысын тоқтатуға себепші болған ақаулар қалпына келтірілді. Осы себепті шахта жұмысын жалғастырды. Ал, шахтаның ары қарайғы жұмыс істеуіне қатысты шешім метан қабаттары мен тексеріс жұмыстарының нәтижесіне байланысты қабылданады», - деді министр.