«Абай» шахтасындағы 6 кеншінің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды
Төтенше жағдайлар министрі БАҚ өкілдерімен кездесті
Қарағанды облысының «Абай» шахтасында 6 адамның қаза болуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Қарағанды облысындағы онлайн брифингіде мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Тергеу тобы мен комиссия мүшелері оқиғаның эпицентрінде жұмыс істеп жатыр. Президент Қ.Ж.Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған мемлекеттік комиссия жұмысына кірісті. Кісі өлімі фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Комиссияның құрамына түрлі ведомствоның өкілдері кірді. Оның ішінде Ішкі істер министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігі бөлімшелерінің, еңбек қауіпсіздігі мен әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау саласының мамандары мен аумағында төтенше оқиға болған компанияның өкілдері бар», - деді министр.
Сондай-ақ, Юрий Ильин апаттан көз жұмған кеншілердің отбасына барлық материалдық көмек көрсетілетінін айтты.
«Жарылыстан қайтыс болған азаматтардың отбасына толықтай материалдық көмек көрсетіледі. Атап айтсақ, 10 жылдық еңбекақылары төленеді, жерлеу рәсімі, қаралы жиынғаа қажетті шығындарды толық көтеріп аламыз. Марқұмдардың жабылмай қалған несиелері болса, толықтай жабылады. Ақылы орында оқып жатқан, кәмелеттік жасқа толмаған балаларына да толықтай қаржылай көмек көрсетіледі», - деді ТЖ министрі.
ске салсақ, 7 қараша күні сағат 08:30-да «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің «Абай» шахтасында көмір мен газ жарылысы болды. Бұл уақытта жер астында 64 адам болған. 52 кенші жер бетіне шығарылды. 6 адам қаза тауып, 2-уі зардап шекті.
Сондай-ақ жарылыс салдарынан көз жұмған шахтерлердің аты-жөні жарияланды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болған шахтерлердің отбасына көңіл айтып, Үкіметке шахтерлердің отбасыларына көмек көрсету жөнінде тапсырма берді.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасындағылар апаттан зардап шеккен 2 кеншінің ауыр халде жатқанын мәлімдеді.
Ал облыстық Полиция департаменті шахтада метан газының таралу фактісі бойынша «Тау-кен жұмыстарын немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлім етті.