Балқашта із-түзсіз жоғалған 19 жастағы бойжеткеннің денесі табылды
Алдын ала болжам бойынша марқұм аязда үсіп қалған
Балқашта үйден шығып кетіп, қайтып оралмаған 19 жастағы бойжеткенді полицейлер шұғыл түрде іздестіруді бастаған болатын. Өкінішке қарай, күні кеше бойжеткеннің денесі табылды. Бұл туралы Қарағанды облыстық полиция департаменті хабарлады.
Қызды іздеу жұмыстары 2 қарашада басталған болатын. Полиция мен жоғалғандарды іздейтін волонтерлер қозғалысы бірден іске кірісті.
«2 қарашада Балқаш қаласы полициясының кезекші бөліміне 55 жастағы қала тұрғынынан өтініш түсті. Ол 19 жастағы қызының хабар-ошарсыз кеткенін мәлім еткен. Бұл факті тіркеліп, полицияның бүкіл жеке құрамы бойжеткенді іздеуге жұмылдырылды» делінген Қарағанды облыстық полиция департаменті таратқан мәліметте.
Ал 3 қараша күні іздеу жұмыстары кезінде Балқаш көліне жақын маңнан 19 жастағы қыздың денесі табылды. Мәйітте көзге көрінетін азаптау белгілері байқалмайды. Қыздың өлімінің алдын ала себебі - ағзаның аязға үсуі. «Аталған жағдай негізінде бүкіл сараптама тағайындалды, өлім себебі анықталып жатыр» деп қорытындылады департаменттің баспасөз қызметі.