Маңғыстауда ер адам қайын жұртынан 1млн 615мың теңге қалыңмалды қайтаруды талап етті
Сот талапкердің арызын қанағаттандырмады

Маңғыстау облыстық сотында ерекше азаматтық іс қаралды. Ажырасқаннан кейін күйеуі бұрынғы әйелінің ата-анасына қалыңмал ретінде берген барлық нәрсені қайтаруға шешім қабылдады, деп хабарлайды Express Qazaqstan.
Қазақстандықтың талап арызы бойынша, бұрынғы әйелі оған «қымбатқа түскен». Атап айтқанда, азамат бұрынғы әйелінен және оның ата-анасынан 1 615 000 теңге, гауһар тастары бар алтын әшекейлер мен екі кілем өндіріп алуды сұрады.
Дегенмен, талапкер сотқа жауапкерлердің әрекеттерінен оған мүліктік зиян келтірілгенін дәлелдеген жоқ. Сонымен қатар, қалыңмалды төлеу — бұл халықтық әдет-ғұрып, берілген заттарды қайтару талабы қолданыстағы заңнамамен реттелмеген. Яғни тараптар арасында қандай да бір заңды міндеттемелер туындамайды.
Жоғарыда айтылғандарға байланысты бірінші сатыдағы сот талапты қанағаттандырудан бас тартты. Алайда, бұл талапкерге ұнамады және ол шешімге апелляциялық шағым түсірді. Сот алқасы апелляциялық шағымды қанағаттандырмады, ал шешімдер өзгеріссіз қалды.