Атырауда 16 жасар жасөспірімді қағып, оқиға орнынан қашып кеткен әйел қолға түсті
Оқиғаға байланысты тергеу ісі басталды
Жол-көлік оқиғасы 29 қазан күні сағат 21:30 шамасында орын алған. Шетелдік көлік қаққан 16 жасар жасөспірімнің оң аяғы сынған. Қазір жасөспірім облыстық балалар ауруханасында жатыр.
«Атырау қалалық полиция басқармасының 102 операторына «Өркен» шағын ауданындағы Сатыбалдиев көшесінде BMW маркалы көлігі жол жиегінде кетіп бара жатқан жасөспірім баланы қаққаны жөнінде хабар түсті. Алайда, жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткен. Аталған жол-көлік оқиғасына байланысты патрульдік полиция мен жедел басқару орталығының бейнебақылау қызметкерлері іздестіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 16 жасар жасөспірімді қағып, оқиға орнынан қашып кеткен 1988 жылғы әйел ұсталды» -деп хабарлады Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта 33 жастағы жүргізуші әйелге қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 345-бабымен қылмыстық іс тіркеліп, тергеу басталды.