$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
28.10.2021, 22:27
Оқиғалар

Оралда қатыгездікпен кісі өлтірген күзетшілер 17 жылға сотталды

Сотталған күзетшілердің туыстары сот үкімімен келіспеді

Оралда жауыздықпен адам өлтірген күзет агенттігінің қызметкерлері 17 жылға сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Сот материалдарынан мәлім болғандай, олар жаңажылдық кештен шыққан Қуаныш Ахметовты айықтырғышқа апарған. Ішке кіргісі келмеген жігітті аяусыз соққыға жыққан. Олардан қашып құтылу үшін темір қоршаудан секіріп өтпек болған азаматты қуып жетіп, төменге түсіруге тырысады. Сол кезде Қуаныштың қолтығын қаңылтыр қоршау кесіп кеткен. Бірақ күзетшілер жігіттің ауыр жараланып, қансырағанына қарамастан, ұрып-соғуды жалғастырады. Есінен танған жәбірленуші сол жерде жан тапсырған. Алайда сотталған күзетшілердің туыстары сот үкімімен келіспеді. Олар жас жігіттердің 17-18 жылға сотталуы тым ауыр жаза деп, сот залында шу шығарды.

«Мені қазір соттасаң да келіспеймін! Оның үстіне, ол бала бір бүйрегін бір қызға берген. Кісі өлірген болса, неге бүйрегін береді? Мына бала бұрын сотталған жоқ, неге соны ескермедіңіздер?», - дейді сотталушының туысы Мәншүк Хаймушева.

«Прокурор неге ойламайды? Тек соттата салу керек пе? Бұрын сотталмаған балалар, жұмыс бабында жүр. Ол адам мас болып келген. Соларды неге ойламайсыңдар?», - деді сотталушының тағы бір туысы Ермекқали Құрманғалиев.

Сот барысында күзет агенттігінің қызметкерлері жұмыс кезінде мас болғанын да мойындапты. Енді олар марқұмның туыстарына 15 миллион теңге моральдық шығын төлеуі тиіс. Ал жәбірленуші тарап кінәлілердің өмір бойына бас бостандығынан айырылуын талап етіп отыр.

«Қонысқали толық мойындады. Тынышталсын деп бір-екі шапалақпен жәбірленушінің бетінен ұрғанын мойындады. Шын жүректен өкінді. Сотталған Адилов пен Кафизов өздеріне тағылған айыпты толық мойындаған жоқ, ақтау үкімін сұрады», - деді БҚО мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотының судьясы Шара Зайнуллина.

Серіктес жаңалықтары