«Пышақ бүйрекке тиген»: Алматыда төбелесте жарақат алған бір оқушының жағдайы ауыр
Екіншісінің жағдайы бірқалыпты
Алматыда пышақ жарақатын алғаш екі оқушыға да ота жасалды. Оқушылар жансақтау бөліміне түскен. Алматының Алатау ауданындағы жаппай төбелеске екі мектептің оқушылары қатысқан. Оқиға 27 қазанда болған.
«Пышақ жарақатымен кәмелеттік жасқа толмаған екі жасөспірім №2 қалалық балалар ауруханасына түскен. Жақын туыстарының айтуынша, балалар қатарластарымен болған төбелес кезінде жарақат алған. Біріншісінің жағдайы ауыр, тұрақсыз, іштің алдыңғы бүйір қабырғасы мен сол жақ бүйрегі зардап шеккен. Екіншісінің іш құрылысына зақым келген, жағдайы бірқалыпты, ол бөлімшеге ауыстырылды», - деп хабарлады Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының өкілі Рауан Оқас.
Алматы қалалық Білім басқармасының мәліметінше, төбелес №181 жалпы білім беретін мектептің 9 сынып оқушылары мен № 178 мамандандырылған лицейдің оқушысы арасында болған. Пышақтасқан жасөспірімдердің әрекеті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бір оқушы қамауға алынды. Білім басқармасы оқиға бойынша комиссия құрып, қызметтік тексеру жүргізіп жатыр.
«Сабақтан тыс кешкі уақытта болған оқиға салдарынан екі оқушы жанжалдың үшінші қатысушысынан пышақ жарақатын алып, екеуіне ота жасалды. Білім беру ұйымдарында оқушылар, мұғалімдер және ата-аналардың арасында түсіндіру жұмыстары күшейтілді.
Қызметтік тергеу қорытындылары бойынша қажетті шаралар қабылданады. Білім беру ұйымдарындағы жауапты тұлғалар міндетті түрде жазаланады»,- деді қалалық Білім басқармасының баспасөз қызметі.