Қарағандыда мас жолаушы такси жүргізушісін пышақтамақ болды
Қазір «Бұзақылық» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды

Қарағандыда көшеде кетіп бара жатқан адам такси жүргізушісін құтқару үшін пышақ ала жүгірген жолаушыға оқ атты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық полиция қызметкерлерінің хабарлауынша, оқиға 27 қазан күні кешкісін болған.
Тәртіп сақшыларына такси жүргізушісіне шабуыл жасалғаны туралы қоңырау түсті. Жүргізушінің айтуынша, клиент межеленген жерге жеткеннен кейін жолақысын төлеудің орнына пышақтап өлтірмек болған.
Такси жүргізушісіне өтіп бара жатқандардың бірі көмектеспек болып жүгіріп жетеді. Ол пышақпен тап берген адамды көліктен шығаруға ұмтылады. Мас жолаушы оны да пышақтамақ болады. Ал оған жауап ретінде әрі қорғану үшін белгісіз травматикалық қарудан бірнеше оқ атқан», – деп нақтылады полиция департаменті.
Көп ұзамай жанжал шығарған 55 жастағы жолаушы ұсталды.
«Оған госпитализациясыз медициналық көмек көрсетілді. Аталған фактіге сәйкес ҚР ҚК 293-бабы «Бұзақылық» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта оқ атушының жеке басы анықталуда», – деп толықтырды департамент.