Пенжімдегі жаппай төбелеске 30-ға жуық адам қатысқан
Жаппай тәртіпсіздік кезінде үйлер мен көліктер қираған
Алматы облысы Панфилов ауданына қарасты Пенжім кентінде болған жаппай төбелесте адамдар жеке үйлердің терезелерін сындырған. Бұл туралы Алматы облысының Полиция департаменті мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Алматы облысының Полиция департаменті 27 қазан күні сағат 20:00-де 102 пультіне Пенжім кентінде мектеп оқушылары арасындағы төбелеске қатысушылардың бірінің үйінің жанында 30-ға жуық адам жиналғаны туралы ақпарат келіп түскенін хабарлайды. Адамдар тобы бірқатар жеке үйлердің әйнектерін, сондай-ақ бірнеше автокөлікті сындырған. Аталған факт бойынша ҚР ҚК 293-бабының 2-тармағымен қылмыстық іс қозғалды (адамдар тобымен жасалған бұзақылық)», - деп мәлім етті полиция департаменті.
Облыстық полиция «тәртіпсіздік болған кенттегі өртенген үйдің төбелеске қатысы жоқ» дегенді алға тартып отыр.
«Сондай-ақ, сағат 22: 45-те Панфилов АПБ кезекші бөліміне Пенжім кентіндегі жаңа салынған үйлер орналасқан жердегі үйден өрт шыққандығы туралы хабарлама келіп түскен. Өрт орнына аудандық полиция бөлімі мен ТЖБ кезекші наряды барды. Үй иесінің айтуынша, өрт пеш жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуі салдарынан болған. Сағат 23:30 шамасында өрт ауыздықталды. Зардап шеккендер жоқ. Бұл өрттің болған оқиғаға еш қатысы жоқ. Кентте қоғамдық тәртіп қамтамасыз етіліп, жағдай бақылауда. Алматы облысының Полиция департаменті жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді», - делінген хабарламада.
Еске салсақ, Алматы облысы Панфилов ауданының Пенжім ауылында 27 қазан күні кешке оқушылар арасында жаппай төбелес орын алды. Оқиға салдарынан бір оқушы зардап шеккен.