СҚО-да алаяқтар 8 зейнеткерді алдап соғып, олардың атынан онлайн несие рәсімдеген
Енді зейнеткерлердің әрқайсысы 3 жыл бойы 1 млн теңгеден астам қарызды банктерге қайтаруы тиіс
Алаяқтардың арбауына түскендердің бірі – ІІІ топтағы мүгедек Күлбаршын Әбілдинова, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Петропавл тұрғынына біреулер телефон арқылы хабарласып, өздерін алматылық фирманың өкіліміз деп таныстырған. Зейнеткерді тегін өтетін іс-шараға қатысуға шақырып, ол жерде бағалы сыйлықтардың, соның ішінде ең басты жүлде – сауықтыру массажын жасайтын креслоның ұтыс ойыны өтетінін айтқан.
«Ойымда түк жоқ, келдім. Бір кезде ұйымдастырушылар мені жеңімпаз деп құттықтай бастады. Қасыма үйіп сыйлықтарды қойды. Кейін мына қыз сыйлықтарды сіздің атыңызға жазып береді деп, дәлізге шығарды. Қолында қағаздары бар екен. Көзілдірігім болмағандықтан оқи алмадым. Ол маған тегін сыйлықтарды алғаныңыз үшін мұнда қолыңызды қойыңыз деп, бірнеше жерге қол қойдырып алды. Алданып қаламын деп ойлаған жоқпын, жап-жас балалар», - дейді Күлбаршын Әбілдинова.
Зейнеткер тек сол күні кешке ғана алаяқтардан зардап шеккенін түсінеді. Қала тұрғынының атына 3 жылға 600 мың теңге көлемінде онлайн несие ресімделген екен. 70 мың теңге зейнетақы алатын әйел енді банкке 1 млн 150 мың теңге қайтаруы тиіс.
«Бізге әзірге 8 зейнеткер ғана шағымданды. Зардап шеккендер көп болуы мүмкін. Бұл фирманы жауапкершілікке тарту оңай болмайды. Өйткені олар – біркүндік, яғни атауы өзгеріп отырады. Алаяқтарда қала тұрғындары бойынша толық мәлімет бар, оған қалай қол жеткізгені және банктердің төмен зейнетақы алатындарға қалайша онлайн несие ресімдейтіні белгісіз. Менің ойымша, олардың банктермен келісім бар сияқты», - дейді СҚО тұтынушылар мен кәсіпкерлер құқығын қорғау қауымдастығының төрағасы Надежда Дубовая.