Шымкент тұрғыны енесінің ұялы телефонын ұрлап ұсталды
Күдікті оны сатып үлгеріпті
Түркістан облысы Отырар ауданының тұрғыны жергілікті полиция бөліміне ұялы телефоны ұрланғаны туралы арызданып келген. 120 мың теңге тұратын смартфонды әйел кімнің және қашан алғанын білмеген деп хабарлайды Түркістан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабымен (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, көп ұзамай күдікті де ұсталды. Ұры алыстан келмеген, ұялы телефонды арызданушы әйелдің күйеу баласы қолды етіпті.
«Полицейлер хабар түсісімен жәбірленушінің үйіне барып, ұрлық қылмысын ашу мақсатында қажетті шараларды ұйымдастырды. Көрген-білген куәлардан жауап алып, оқиға орнын толық шолып шықты. Тәртіп сақшыларының жүргізген тиянақты жұмыстарының нәтижесінде ұялы телефонды ұрлаған күдікті ер азамат ұсталды. Ол жәбірленуші әйелдің күйеу баласы, Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізілуде», - делінген аталған хабарламада.
Белгілі болғандай, жәбірленуші әйелдің үйінде жиын болып жатқан. Адамдардың көптігін пайдаланған күдікті ұялы телефонды алып, сөндіріп, қалтасына жасырған. Содан соң оны Шымкент қаласындағы базарлардың біріне алып барып, арзан бағаға сатып жіберген. Ал ақшасын бас пайдасының қажеттілігіне жұмсаған.