$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
13.10.2021, 10:22
Оқиғалар

Карантин кезінде дәрігерлердің қорғаныш құралдарына бөлінген қаражатты кімнің ұрлағаны белгілі болды

Соңғы уақытта белең алған жемқорлық фактісі - вакцина паспортын жасату

Карантин кезінде дәрігерлердің қорғаныш құралдарына бөлінген қаражатты кімнің ұрлағаны белгілі болды
Фотоколлаж: Нұрсұлтан Жорабаев

Алдыңғы шепте жүрген дәрігерлерге қорғаныш құралдарын сатып алуға бөлінген қаражат басқа мақсатқа жұмсалған деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Коронавирус басталғалы бері алдыңғы шепте жүрген дәрігерлерді қорғаныш құралдарымен қамту үшін мемлекеттен 8 млрд теңге бөлінді. Қаржы «Іңкәр» компаниясына аударылған. Бірақ қорғаныш құралдары әкелінген жоқ. Есесіне, компания қаржыны өз мүддесіне жаратып, банк алдындағы борышын өтеген», ˗ дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Анықтау және жолын кесу қызметінің аса маңызды істер бойынша офицері, Дархан Ельтоков.

Медицина саласында жыл басынан бері жемқорлық фактісі бойынша 68 дерек тіркелді. Оның жартысы мемлекет қаржысын жымқыру, 25 пайызы пара алу, қалғаны лауазымын асыра пайдалану немесе жалған құжат жасау деректері бойынша тіркелген.

Әсіресе, оңтүстікте, сол сияқты Қостанай, Қарағанды облыстарында медицина саласындағы «бармақ басты, көз қысты әрекеттер» жиі орын алған. Нәтижесінде медициналық құрылғыны сатып алу кезінде жалған компания арқылы бағасын асыра көрсеткені үшін 8 адам сотталды. 

«Шымкентте медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті басшысының орынбасары Мырзақұлов 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол 2020 жылы ультрадыбыстық зерттеу аппаратымен өкпені жасанды желдету аппаратын сатып алуда заңсыз тоқтатып, оның орнына өзге медициналық құрылғылар алған», ˗ деді Дархан Ельтоков

Белгілі болғандай, бұл құрылғылардың құны өз бағасынан 3 есе қымбат. Тек соның өзінен мемлекетке 1,5 млрд теңге шығын келді.

Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы да осыған ұқсас қылмысқа барған. Ол 16 млн теңгеге елімізде жасалған рентген аппаратын алмай, оның шет елде жасалған баламасын 37 млн теңгеден алдырған. Сөйтіп, жергілікті денсаулық сақтау мекемелеріне 12 аппарат алып берудің орнына құны екі есе қымбат 6 құрылғы сатып алған. Аталған іске қатысты сот үкімі шығып, заң бойынша күшіне енді.

Бұл ретте, дәрігерлерге үстемақы тағайындау бойынша да қылмыстар тіркелген. Атап айтқанда, 15 қылмыстық іс қозғалып, 23 азамат сотталды. Оның 10-ы аурухана мен емханалардың бас дәрігері екені анықталып отыр. 

Соңғы уақытта бұл салада кеңінен белең алған жемқорлық фактісі - вакцина паспортын жасатуға қатысты болып отыр.

Соның бір мысалы, Ақмола облысындағы жеке және орталық емханалардың медбикелері азаматтардың мәліметтерін енгізіп, вакцина паспортын жасап берген. Бұл әрекеттері үшін 10-40 мың теңге аралығында ақша алған.

Еркежан Айтқазы, Нұр-Сұлтан қаласы

Серіктес жаңалықтары