Ресейде іздеуде болған алты көлік СҚО-дан табылды
Олардың барлығы айып тұрағына қойылды
Жыл басынан бері Петропавл тұрғындарынан шетелде іздеуде болған алты көлік тәркіленді, деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстікқазақстандықтардың біразы шетелде тіркелген көліктерге басымдық береді. Алайда олар қиындыққа тап болуы мүмкін. Құжаттардың түпнұсқасы тексерілмеген жағдайда көліктің айдап әкетілгені немесе шектеу қойылғаны жайлы анықтау мүмкін емес. Осының салдарынан елімізде қылмыстық іске тап болуы мүмкін.
Жыл басынан бері Петропавл аумағында Ресей Федерациясында іздеуде болған алты көлік анықталды. Олардың барлығы айып тұрағына қойылды және қажетті процедуралар аяқталған соң шетелге тапсырылады. Сенімхат немесе сақтандыру бойынша көліктерді пайдаланған адамға бұл жағдайда ешқандай өтемақы көзделмеген.
«Шетелдік көліктерді тіркеу құжатында көрсетілген адамнан ғана сатып алу керек, автокөлік жайлы толық мәлімет алған дұрыс. Сатып алатын көліктерді тіркелген елден есептен шығарып, оларды Қазақстан Республикасының өкілетті органдарына тіркеуді кеңес етеміз. ҚР аумағында сақтандыруды рәсімдеу жайлы ұмытпаған жөн», – дейді СҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов.