Арықтан су ішіп отырған ауыл тұрғындары әкімнің отставкаға кетуін талап етті

Облыс әкімдігі бұл жағдайдың ерекше бақылауға алынғанын жеткізді

Келес ауданы Көлтоған ауылының тұрғындары 10 жылдан бері арықтан су ішуге мәжбүр. Ал жаңа су құбырының құрылысы әлі аяқталмаған көрінеді, деп хабарлайды otyrar.kz.

Құрғақ уәдеден әбден шаршаған ауыл халқы әкімінің отставкаға кетуін талап етті.

Жаңа су құбырының жоқтығынан зардап шеккен ауыл тұрғындары күн сайын арықтан су алуға мәжбүр. Ас пісіру үшін де дәл осы сенімсіз сұйықтықты қолданатын көрінеді. Ал су тасымалдаушылардан сатып алуды бәрінің бірдей қалтасы көтермейді дейді ашынған халық.

«Бізде су жоқ. Біз мал суаратын арықтан су ішеміз. Көлігі мен ақшасы барлар, әрине, тазасын алып келеді, ал біз осы жерден ішеміз. Ал мұнда жоқ кезде біз жаңбыр мен қарды жинаймыз», - деді Біртілек ауылдық округінің тұрғыны Фатима Асилова.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, су құбыры тартылғанына екі жылдың жүзі болған. Ал арықтағы суды қолдану үшін алдымен тұндырып, сосын қайнатуы қажет. Бұған дейін тұрғындар бірнеше рет жағдайды түзетуді сұраған екен. Бірақ мәселе құрғақ уәде күйінде қалып отыр.

«Олар 11 жыл бойы уәде беріп келеді. Біздің әкім Көлтоғанның қайда екенін де білмейді. Ол көмекшісінен сұрады», - дейді тұрғын Молдабек Аханов.

Тұрғындар ауыл әкімімен кездесуді талап етті. Олардың айтуынша, шенеунік ауылдың дамуы үшін ештеңе жасамаған екен. Өйткені, бұл аймақ та судан басқа да мәселелер жетіп артылады. Көгілдір отын мен қалыпты жол да жоқ екен. Бірақ әкім бұл оның кінәсі емес екеніне сенімді. Ол жағдайды тек бақылайтындығын жеткізді.

«Бұл жұмыстың бәрі менікі емес. Онда тұрғын үй -коммуналдық шаруашылығы газға және суға жауап береді. Олар клиент болғандықтан, аяқтауы керек. Олар тендер өткізді», - деді Біртілек ауылдық округінің әкімі Кеңес Халық.

Жауаптылардың газ құбырын жүргізе алмауына және тұрғындарды орталық сумен уақытында қамтамасыз етпеуіне сот ісі себеп болыпты. Облыс әкімдігі бұл жағдай ерекше бақылауға алынғанын жеткізді. Сондай-ақ, айдың соңына дейін ауыл тұрғындарын сумен қамтамасыз етуге уәде берді.

«Көлтоған мен Жолбашы ауылдарындағы газ құбырынан ақаулар табылды. Біз мердігерлерге хат жазып, көрсеттік. Олар қажетті материалдарды әкелді, енді жұмысқа кіріседі», - дейді Келес аудандық тұрғын үй -коммуналдық шаруашылық бөлімінің маманы Жантөре Амангелді.

Жауаптылар тұрғындарды шыдамдылық танытуға шақырды. Ал халық аудан әкіміне лас арықтан су ішуді ұсынды. Бірақ мемлекеттік қызметкер одан бас тартты. Қазіргі таңда ауыл халқы оның отставкаға кетуіне қол жинап жатыр.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.