Жаяу жүргіншілер жолағы жақын болған: Алматыда жас жігітті көлік қағып өлтірді
Қайғылы оқиға 12 қазан күні әл-Фараби даңғылында болды
Алматыда жол-көлік оқиғасы салдарынан жас жігіт мерт болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға 12 қазан күні әл-Фараби даңғылында, Меңдіқұлов көшесінің қиылысында болған.
«Peugeot 308» көлігі әл-Фараби даңғылының бойымен батысқа қарай жылжып келе жатқанда, күтпеген жерден көліктің алдынан ер адам жүгіріп шыққан.
«1995 жылы туған жас жігіт көліктердің арасымен жолдың екінші шетіне қарай жүгіріп өтіп кетпек болған. Алайда Peugeot 308 жүргізушісі жаяу жүргіншіні байқамаған қалпы оны қағып өте шыққан. Қатты соққыдан жас жігіт жолдың екінші шетіне бір-ақ ұшып кеткен. Оның арлы-берлі өтіп жатқан өзге көліктер басып кете жаздаған», - делінген хабарламада.
Жас жігіт алған жарақаты салдарынан оқиға орнында көз жұмды. Көп ұзамай жеткен жедел жәрдем қызметкерлері оның үзіліп кеткенін айтқан.
Айта кетерлігі, жаяу жүргіншілер өтпесі апат болған жерден бір қадам ғана қашықта болған.
Қазіргі уақытта оқиға орнында жол полициясы қызметкерлері жұмыс істеп жатқандықтан, бірнеше жолақ жабылып қалды.