Аза тұту күні жарияланды: Грузияда бес қабатты үй құлап, 6 адам қаза тапты
Батумидегі тұрғын үй құлаған жерде іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасуда

Батумидегі бес қабаттық үйдің бір бөлігі опырылып құлап, соның салдарынан алты адам қаза тапты. Құтқарушылар көз жұмғандардың денесін 9 қазанға қараған түні алып шықты. Қайғылы оқиғаға байланысты елде 11 қазан күні Аза тұту күні жарияланды. Бұл туралы елдің премьер-министрі Ираклий Гарибашвили мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
«Қаза болғандардың туыстары мен жақындарының қайғысына ортақпын. Бұл қайғылы оқиға бүкіл Грузия халқының қабырғасын қайыстырды. Менің шешімім бойынша дүйсенбі, яғни 11 қазан осы қайғылы оқиғаның құрбандарын еске алатын Аза тұту күні деп жарияланды», - делінген премьер-министрдің хабарламасында.
Батумидегі тұрғын үй құлаған жерде ІІМ қызметкерлерінің іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасуда. Түнде құтқарушылар үйінді астынан алты адамның мәйітін шығарды.
Сондай-ақ құтқарушылар алғашқы сәтте үйінді астынан екі бала мен ер адамды шығарып үлгерген, олар шұғыл түрде ауруханаға жатқызылды.
Алдын ала болжам бойынша тұрғын үйдің жартылай құлауына ғимараттың бірінші қабатындағы жөндеу жұмыстары себеп болуы мүмкін. Бұл туралы Грузия Ішкі істер министрлігінің басшысы Вахтанг Гомелаури мәлімдеді.