Нұр-Сұлтанда мектеп оқушысына шабуыл жасаған ер адам ұсталды
Ол сондай-ақ, жүргіншілердің көзінше әйел адамды тонамақ болған
Нұр-Сұлтанда полицейлер арлы-берлі өтіп жатқан жүргіншілердің көзінше әйел адам мен мектеп оқушысына шабуыл жасаған 36 жастағы ер адамды ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға күндізгі уақытта Қошқарбаев көшесінде болған. Бірінші оқиғада ер адам 44 жастағы әйелдің сөмкесін тартып алмақ болған. Алайда әйелге көмекке жүгіріп келген жүргіншілердің бірі қарақшыны итеріп жіберген.
«Өтіп бара жатқан ер адам көмекке келген соң қарақшы қашып кеткен. Куәгерлер 102 арнасына хабарласып, тапайдың тал түсінде, жұрттың көзінше әлдекімнің әйел адамға шабуылдағанын айтқан. Күдікті онымен қоймай, көп уақыт өтпестен екінші қылмысын жасаған. Яғни, 13 жастағы қызға шабуылдап, оның мектеп сөмкесін алып кеткен», - делінген Нұр-Сұлтан қалалық ПД хабарламасында.
Келіп түскен қоңырау бойынша жедел жеткен полицейлер қылмыс орнына жақын жерде жасырынып жүрген 36 жастағы күдіктіні ұстады.
Қазіргі уақытта аталған факт бойынша тәртіп сақшылары ҚР Қылмыстық кодексінің «Қарақшылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Ұсталған азамат Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына жеткізілді.