$ 530.12  546.08  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
09.10.2021, 12:22
Оқиғалар

«Өртеп жіберемін»: Түркістан облысында сағатқа таласқан мұғалімдер ұятқа қалды

Мектеп директоры бір-біріне сөмке лақтырған ұстаздар жанжалын тоқтата алмаған

Түркістан облысында «Мұғалімдерді өртеп жіберемін» деп қорқытқан мектеп директорының орынбасары ұстаздарға бұған дейін де қоққан-лоққы көрсеткен. Осылай деген мектеп директоры бір-біріне сөмке лақтырған ұстаздар жанжалын тоқтата алмағанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Отырар» телеарнасына сілтеме жасап.

Бір-біріне сөмке лақтырып, сес көрсеткен ұстаздар – Түркістан облысы Шардара ауданындағы Төлеген Айбергенов атындағы мектептің директор орынбасары мен ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Сағатқа таласқан оларды мектеп директоры «ажырата алмадым» дейді.

«Мен және тағы бір жігіт болды. Екеуміз ажыраттық. Басу айттық. Жат қылық екенін түсіндіріп тұрмыз. Бірақ, олар тыңдамайды. Биология пәнінің мұғалімі. Ол кісі келіп отырған. Жаңағы оқу ісінің меңгерушісінің тарапынан маған қоқан лоққы жасалды бірінші ауысымда», - деді Шардара ауданындағы Т.Айбергенов атындағы мектеп-гимназияның директоры Мырзабек Қаныбеков

Белгілі болғандай, оқу ісінің меңгерушісі Райгүл Мұсалиева ағылшын тілі пәнінің мұғалімін ғана емес, биологиядан сабақ беретін ұстазға да доқ көрсеткен. Бір жиналысқа бірдей келген олардың арасындағы дау полицияның араласуымен аяқталды.

«Қазіргі таңда Шардара аудандық полиция бөліміне № 215164031000248 санымен тіркеліп, әкімшілік іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. 5 қазан күні Т.Айбергенов атындағы мектеп-гимназиясының Педагогикалық әдеп жөніндегі кеңес отырысы өткізілді», - делінген Шардара аудандының адами әлеуетті дамыту бөлімінің хабарламасында.

Білім ұясында бір-біріне қол сермеген ұстаздар сол баяғыша мектепте сабақ беріп жүр. Мектеп директорының сөзінше, олар әлі татуласпаған. Полицияға бір-бірінің үстінен арыз жазып қалдырған екен.

Серіктес жаңалықтары