$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
09.10.2021, 15:56
Оқиғалар

Орынбор облысында 26 адам ішімдіктен уланып көз жұмды

Уланған тағы 28 адам ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді

Орынбор облысында 26 адам ішімдіктен уланып көз жұмды
РФ тергеу комитеті /ТАСС

Орынбор облысында 26 адам суррогатты алкогольден уланып көз жұмды, уланған тағы 28 адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ТАСС агенттігінің жазуынша, науқастардың қазіргі жайы туралы Орынбор облысының аймақтық және ақпараттық саясат вице-министрі Инна Аверкова мәлімдеді.

«Зардап шеккендердің саны 49-дан 54-ке жетті. Бастапқыда көз жұмғандар саны 21 болатын. Алайда ауруханаға ес -түссіз күйде, ауыр жағдайда жеткізілгендердің қайтыс болуына байланысты, көз жұмғандар саны 26-ға жетті», - деді ол.

Сонымен қатар И. Аверкова қазіргі уақытта жағдайы ауыр науқастарды басқа емханаларға тасымалдаудың қажеті жоқ екенін атап өтті.

Айта кетсек, қайғылы оқиға қазанның 6-ынан 7-іне қараған түні болған. Көз жұмғандардың бәрінің қан құрамынан таза метанол анықталған.

Облыстық үкімет төрағасының әлеуметтік саясат жөніндегі орынбасары, Денсаулық сақтау министрі Татьяна Савинованың мәліметінше, уланған тұрғындардың бәрі әртүрлі үйде және аудандарда тұрған. Улану жағдайлары қазақтар көп қоныстанған Ясный, Домбаров және Адамов аудандарында тіркелді.

Полиция қызметкерлері мен тергеушілер тергеу барысында зардап шеккендер сатып алған улы алкоголь өнімдерінің қоймасы мен өндіріс орны Орск қаласында орналасқанын анықтады. Тінту барысында құрамында спирті бар 1279 бөтелке өнім тәркіленді.

Қазіргі уақытта аталған оқиғаға қатысы бар деген күдікпен үш адам: Орск қаласының 29 жастағы тұрғыны, Ясный ауданы Ақжар ауылының 60 жастағы тұрғыны және Домбаров ауданының Красночабанский ауылының 47 жастағы тұрғыны ұсталды.

Серіктес жаңалықтары