Полиция қызметкері Өскемен-Семей тас жолында 22 жастағы ер адамды қағып кетті
Жол-көлік оқиғасынан кейін полицей жұмысынан босатылды
Жол-көлік оқиғасы қазанның екісіне қараған түні тас жолдың 25 шақырымында болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy YK-news.kz-ке сілтеме жасап.
Алдын ала мәліметтер бойынша, 22 жастағы ер адам достарымен бірге келе жатып, дөңгелегін тексеру үшін көлігінен шыққан. Осы кезде оны жүйткіп келе жатқан Lada көлігі қағып кеткен.
«Өскеменнің 22 жастағы тұрғыны алған дене жарақатынан көз жұмды. Lada автокөлігінің жүргізушісі - полиция қызметкері, ол ішкі істер органдарынан шығарылды», — деп хабарлады ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі. - Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігі (абайсызда адам өліміне әкеп соққан ЖҚЕ бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Бейнетіркегіштерден алынған жазбалар алынып, қылмыстық іс материалдарына қоса тіркелді.
Полиция департаменті жол-көлік оқиғасынан кейін қызметкер жұмысынан босатылғанын хабарлады.
Сондай-ақ, баспасөз қызметі полиция департаментінің басшылығы марқұмның туыстарымен кездесіп, көңіл айтты.