Елімізде жыл басынан бері өрттен 251 адам қаза тапты – ТЖМ
Тілсіз жаудан келген материалдық шығын 6,5 млрд теңгені құрады
Қазақстан Республикасында жыл басынан бері 7 515 өрт жағдайы тіркеліп, 251 адам қаза тапты, 217 адам түрлі дәрежедегі күйік алды және уланды. Бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өрттердің жалпы саны 7 пайызға төмендегенін аңғартады. Қаза болғандар саны 20% - ға төмендеді, алайда жарақат алғандар саны 18% - ға өсті. Бұл туралы Төтеннше жағдайлар министрі Юрий Ильин бүгінгі Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Тілсіз жаудан келген материалдық шығын 6,5 млрд теңгені құрады. Тұрғын үй секторында 4 мыңнан астам (4371) өрт болды, бұл олардың жалпы санының 58% - ын құрайды. Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарындағы өрт пен қаза тапқан адамдардың саны орташа республикалық көрсеткіштен 2-3 есеге көп болды.
«Елімізде тілсіз жаудан қаза табу фактісі әрбір 36-шы өртте тіркелсе, АҚШ-та бұл көрсеткіш 10 есеге төмен, яғни 360 жағдайдың ішінде бір ғана адам көз жұмады. Ал Ұлыбританияда өрттің 14-ші жағдайында, Францияда 27-ші жағдайында өлім тіркеледі», - деді министр.
Сонымен қатар, елімізде өртке қарсы қызметтің 18 объектісінің құрылысы жүргізілуде, оның 3-і республикалық бюджет, 15-і жергілікті әкімдіктер есебінен қаржыландырылуда.
Премьер-Министр Төтенше жағдайлар министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, биылғы жылдың 20 қазанына дейін өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша Жол картасының келісілген жобасын дайындауды және қарауға енгізуді тапсырды. ТЖМ-ге әкімдіктермен бірлесіп жылыту маусымы кезінде өрт қауіпсіздігі мәселелері бойынша халықпен алдын алу жұмыстарын күшейту тапсырылды.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, газ жабдықтары мен тұрмыстық баллондардың қауіпсіз пайдаланылуына жүйелі бақылауды қамтамасыз ету тапсырылды.