Шығыс Қазақстанда 8 миллион теңге салынған сейф ұрланды

Күдіктілер ұсталып, сотқа дейінгі тергеу басталды

Шығыс Қазақстанда жер үйден 8 млн теңге салынған сейфті ұрлаған екі ер адам ұсталды, деп хабарлайды Semeynews.kz.

ШҚО ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, қыркүйек айының ортасында Риддер қалалық полиция бөлімінің “102” жедел арнасына 35 жастағы әйел жүгініп, ұрлық туралы хабарлаған. Анықталғандай, таңертеңгі сағат 07:30-дан 09:30-дар шамасында белгісіз тұлғалар үйдің пластикалық терезесін бұзып кіріп, қосалқы орын-жайда тұрған металл сейфті ұрлаған. Сейфте 8 000 000 теңге, ер адамның алтын сақинасы, үйдің құжаттары, 1843 жылғы монеталар және “Еңбегі үшін” медалі болған. Жалпы шығын – 10 000 000 теңге.

Жедел іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлерімен бұрындары бірнеше рет сотты болған, 30 жастағы екі жергілікті тұрғындар ұсталды. Ұрланған заттар жартылай қайтарылды.

Күдіктілер уақытша қамау изоляторына қамалды.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК 188-бабының 4-бөлігі “Ұрлық” бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.