Astana LRT ісі бойынша сотталғандар аштық жариялады

Аштық жариялағандардың барлығы дәрігерлердің бақылауында

Astana LRT ісі бойынша сотталғандар аштық жариялады. Олар апелляциялық сатыдағы істі қарау отырысына қосуды талап етіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «КТК» телеарнасына сілтеме жасап.

Сотталғандардың бәрі елордадағы ЕЦ 166/1 жазасын өтеу мекемесінде отыр.

Ал аштықты 8 жылға бас бостандығынан айырылған Ұлықбек Ачилов жексенбі күні бастап кеткен.

Ачилов колония басшысы мен Бас прокуратураға және сотқа жолдаған хабарламасында апелляция шағымын қарау барысын онлайн-трансляция арқылы көрсетуді талап еткен. Сотталушы сотқа тікелей қатысып, өз ойын айту мүмкіндігін сұрапты. Ұлықбек Ачилов кезінде Astana LRT-ның қосалқы мердігері «НурТрейд» серіктестігінің директоры болған. 8 жылға бас бостандығынан айырылған мердігердің өкілі Тимур Қасабаев, 7 жылға түрмеге отырған Astana Инновейшенстің бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Әшім де аштық жариялап жатыр.

Ал экс-депутат әрі Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының бұрынғы хатшысы, 8 жылға сотталған Жанат Нұрпейісов аштықтан денсаулығына байланысты бас тартыпты.

Бұған дейін апелляциялық шағымды қарау кезінде Талғат Әшімнің адвокаты клиентінің жүрек талмасы ұстағанын хабарлаған. Аштық жариялағандардың бәрі дәрігерлердің бақылауында.

«Мекеме әкімшілігіне, оның ішінде іс материалдарымен танысуға қатысты еш наразылық жоқ. «Адамдарды қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнаулы мекемелерде, арнаулы үй-жайларда ұстаудың тәртібі мен шарттары туралы» ҚР Заңының 41-бабының талаптарына сәйкес, мекеме басшылығы себебін анықтау, сондай-ақ қылмыстық істі жүргізіп жатқан органды, Нұр-сСлтан қаласының прокуратурасын хабардар ету жөніндегі шараларды қабылдады», - деді Нұр-Сұлтан қаласы қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметімен байланыс жөніндегі маманы Ақтоты Бекенова.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.