«Біз заңға қайшы келдік». Ақтаудағы тұрғын үйде құлаған лифті бойынша тиісті мекеме жауап берді
Лифті құлаған кезде оның ішінде кішкентай балалар, жас аналар болған
25 қыркүйек кешкі сағат 19:30 шамасында Aktau Plaza тұрғын үй кешенінің тұрғындары 1 қабаттан лифтімен бірге шахтаға құлаған. Лифті ішінде бір топ ана балаларымен бірге болған. Қуанышқа орай, ешкім зардап шекпеген.
Тұрғындардың айтуынша, үйді салған компания бұл жағдайдан хабардар. Бірақ, біле тұра ешқандай шара қолданбай отыр. Сондай-ақ, тұрғындардың дені бұл үйге осыдан бір жыл бұрын қоныстанған. Алайда, пәтер құжаттарын әлі күнге дейін алмапты.
«Ақтау қалалық лифтілері» ЖШС құрылтайшысы Көпберген Жайлиевтің мәліметінше, тұрғындардың өтініші бойынша лифті барлық ережеге қайшы қосылған. Ол қажетті сынақтардан өтпеген және пайдалануға берілмеген.
«Түрік компаниясы «А3 групппен» лифтіні жеткізуге және монтаждауға арналған шарт 2019 жылы жасалды. Лифтіні монтаждау жұмысы 2020 жылы аяқталды. Олар үйді толық аяқтамай жатып адамдарды қоныстандырды. Сосын тұрғындар лифт қосуды сұрай бастады. Өйткені алтыншы, жетінші қабаттарда қарт адамдар тұрады. Біз заңға қайшы келдік. Үйді толық пайдалануға рұқсат берілгенге дейін лифтіні іске қоспау керек еді. Біз тұрғындарға жеңілдік жасағанымызға кінәліміз», - деді «Ақтау қалалық лифтілері» ЖШС құрылтайшысы Көпберген Жайлиев.