Ақмолада интимдік қызмет көрсеткен екі сауна анықталды
Екі факт бойынша да сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде
Ақмолада интимдік қызмет көрсеткен екі сауна анықталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
19 қыркүйекте басталған “Стоп-трафик” республикалық арнайы операция аясында полиция қызметкерлері бірқатар қылмыстарды анықтады.
Алты күн ішінде криминалдық, әкімшілік полиция, көші-қон және жергілікті полиция қызметі бөлімшелерінің бірлескен күштерімен рейдтік іс-шаралар өткізілді, оның барысында өнеркәсіптік объектілер, ауылдық шаруашылықтардың аумақтары, монша кешендері, қонақ үйлер мен көңіл көтеру орындары тексерілді.
Өткен кезеңде өңірде адам саудасына байланысты 5 қылмыс, оның ішінде жезөкшелікпен айналысуға тарту фактісі анықталды.
Мысалы, 21 және 23 қыркүйек облыс орталығында полицейлер 2 және 5 мың теңге көлемінде сыйақыға клиенттеріне интимдік қызмет көрсету үшін қыздар ұсынған екі саунаның әкімшілерін ұстады. Куәгерлік және мойындау айғақтары бар.
Екі факт бойынша да ҚР ҚК 309-бабы 1-бөлігі (Жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе ұстау немесе жеңгетайлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Айта кету керек, осы баптың санкциясы мүлікті тәркілей отырып, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.
Сонымен қатар, 19 қыркүйекте жедел алдын алу іс-шарасы барысында Көкшетау қаласының 32 жастағы тұрғыны ұсталды, ол қиын материалдық жағдайын пайдаланып, басқа жергілікті тұрғынды жезөкшелікпен айналысуға тартқан. ҚР ҚК 308-бабы 1-бөлігі (Жезөкшелікпен айналысуға тарту) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.