$ 521.67  592.46  6.32
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
27.12.2019, 18:40
Оқиғалар

Ұшақ апатынан аман қалған жолаушы көрген-білгенімен бөлісті

Бүгін Алматы маңында болған ұшақ апатынан аман қалған азаматтың бірі Асылан Назаралиев жайлы видео тарады

Ол журналистерге берген сұхбатында оқиға жайлы егжей-тегжейлі баяндап берді.

«Біз ұшаққа кіріп отырғанда, ұшақтың орындықтары тым қатты суық болды. Отырдық, сосын ұшақта құлағымда құлаққап, қолымда телефон болды. Борт серіктердің не айтқаны есімде жоқ. Ұшақ орнынан жылжыды. Ұша бастағанда сол жақтағы қанаты бір жарым минуттан соң қатты селкілдегенін сездім. Сосын оң жағы да солай болды. Сосын қайық сияқты теңселе бастады.  Ұшақ корпусы селкілдеп, жолаушылар шулай бастады. Балалар жылады. Бірақ ұшақ жоғарылай берді. Сосын ол қатты дірілдеп, ұшқыштардың бақылауды жоғалтып алғаны байқалды», - дейді жолаушы.

Асылан Назаралиев ұшақ құлайтынын сезгенде бірінші кезекте бала-шағасын ойлағанын айтады.

«Телефонымды қалтама салып, белбеуімді қатты тартып, шыны керек, құлауға дайындалдым. Бала-шағам не істейді деп қатты уайымдадым. Себебі екі қызым бар, келіншегім бар. Бірақ өзімді жинақы ұстадым, құлайтынын сездім, - дейді апатқа ұшыраған ұшақта болған жолаушы.

Жолаушы қалай аман қалғанын айтып берді.

«Ұшақ көтеріліп барды да, төмен қарай иіліп барып, жерге құлады. Байқағаным, алдымда 14-ші қатарда отырған адамдарды бірдеңе басып қалды. Мен 15-ші қатарда отыр едім. Соққы қатты болды, құлағымдағы құлаққап, көзілдірігім ұшып кетті. Менің орным адамдар өтетін жерде болды, оң жақта бір қыз бен жігіт отырды. Апаттық шығу есігін біреу ашқан болуы керек, содан бәріміз шығып кеттік»,- дейді Асылан.

Апаттан аман қалған жолаушы басқаларға қол ұшын созған.

«Апаттық шығу есігінен ұшақтың қанатына шықтық. Сосын жерге құладым, тағы бір қыз құлады. Жер тайғақ, мұз екен. Ұшақтың алдына қарай бардым. Ыңырсыған, айқайлаған адамдардың дауысы шықты. Күн қараңғы, телефонның фонарын қосып, адамдарды шығара бастадық. Қайтыс болған кейбір адамдардың кеуде тұсы «айырылып» кеткен. Балаларын іздеп жүрген бір ер адам болды. Екі балам деп іздеп жүрді», - деп көргенімен бөлісті.

Еске салайық, 27 желтоқсан күні таңғы сағат 07:22-де Алматы-Нұр-Сұлтан бағыты бойынша ұшқан «Бэк эйр» әуекомпаниясының №Z2100 рейстегі  Fokker-100 ұшағы бетон ғимаратқа соғылып, апатқа ұшырады. Ішкі істер министрлігі қаза тапқан 12 адамның аты-жөнін жариялады.

Қазақстанда 28 желтоқсан жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары