Алматыда тапанша ұстаған ер адам балабақшаға кірмек болды

Қалалық Полиция департаментіндегілер жағдайды түсіндірді

Әлеуметтік желіде Алматы қаласында қолына қару ұстаған ер адамның балабақшаға кірмек болғаны жайлы видео тарады.

«Таңертең қызын еріткен алматылық тұрғын балабақшаға кіргізуін сұрап, тапаншасымен қорқытты. Күзетшілер полиция шақырды», - делінген хабарламада.

Бұл жағдайға қатысты Алматы қаласы Полиция департаментіндегілер пікір білдірді.

«Бұл факт Наурызбай ауданының полиция басқармасында тіркелді. Қазір тексеру жүріп жатыр. Ер адамның қолындағы қару - газбен атылатын тапанша, ресми түрде рұқсатын алған. Іс жүргізу кезінде заңға сәйкес шаралар қолданылады», - делінген жауапта.

Еске салайық, 20 қыркүйек сағат 17:00 шамасында Алматы қаласындағы «Ақбұлақ» шағынауданында қайғылы оқиға болды. 54 жастағы ер адам үйден шығару туралы сот шешімін орындауға келген сот орындаушыларына, полиция қызметкерлеріне және ТЖД қызметкерлеріне аңшы мылтығынан оқ жаудырған. Нәтижесінде екі полиция қызметкері, бір сот орындаушысы және екі бейбіт тұрғын, соның ішінде үйдің жаңа қожайыны қаза тапты. Қайғылы оқиға салдарынан қайтыс болған бесінші адамның жаңа үй қожайынының танысы екені анықталды. Игорь Дужнов қазір қамауда отыр. 

Алматыдағы атыс бойынша «Кісі өлтіру» және «Билік өкіліне шабуыл жасау» баптары бойынша екі қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған. Белгілі болғандай, оның атына қару 2008 жылы тіркелген, күдікті психиатриялық диспансерде есепте болмаған.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.