Желтоқсандағы әуе апаттары: Қазақстанда 7 жыл бұрын да желтоқсанның 27-сі қаралы күн деп жарияланды
2012 жылы Шымкент маңында болған ұшақ апатына байланысты Президент өкімімен 2012 жылғы желтоқсанның 27-сі қаралы күн деп жарияланған еді

2012 жылдың 25 желтоқсан күні Шымкент маңында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің АН-72 әскери ұшағы апатқа ұшырады. Борттағы 27 адам түгел қайтыс болған. Оның жетеуі экипаж мүшелері еді. Апатқа байланысты ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 27 желтоқсанды қаралы күн деп жариялаған болатын.
Шымкент-Астана бағытындағы ұшақта сол кездегі ҰҚҚ шекара қызметінің басшысы, полковник Тұрғанбек Стамбеков пен онымен бірге жұмыс істейтін офицерлер, «Оңтүстік» шекара қызметіндегі әскерилер болды.
Ал 2016 жылы Мәскеу-Сочи-Латакия бағытындағы Ресей Қорғаныс министрлігінің ТУ-154 ұшағы құлап, борттағы 92 адам түгел қайтыс болған. Ресей басшысы адамдардың қаза болуына байланысты 26 желтоқсанды қаралы күн деп жариялаған.
2014 жылдың 28 желтоқсан күні индонезиялық әуе компаниясына тиесілі Airbus A320-216 ұшағы құлаған. Сурабая – Сингапур бағытындағы ұшақта болған 162 адам ешқайсысы тірі қалмады.
Бүгін Алматы әуежайы маңында BekAir компаниясына тиесілі Fokker-100 ұшағы апатқа ұшырады. Ішкі істер министрлігі берген соңғы ақпаратқа сәйкес, ұшақ апатынан қаза тапқандардың саны – 12. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 28 желтоқсанын жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.