Режиссердің ұлы Алматы түбіндегі ұшақ апатынан аман қалды
Бүгін таңертең Алматы түбіндегі ұшақ апатынан аман қалған азаматтар туралы ақпараттар жаңарып жатыр

Олардың кейбіреуі оқиға орнын суретке түсіріп, әлеуметтік желіде жазба қалдырып үлгерді. Апат болған кезде ұшақтың қанатының жанында отырған Аслан Наразалиев өзінің дін-аман екенін жазып отыр. Журналистерге берген сұхбатында ол денсаулығына мүлде зақым келмегенін айтады. Аман қалған өзге де ер азаматтармен бірге ол басқа адамдарды құтқаруға көмектескен.
Ұшақ жолаушыларының арасында белгілі актер, режиссер, Қуанышбаев атындағы қазақ академиялық музыка-драма театрының көркемдік жетекшісі Талғат Теменовтің ұлы Айбар Теменов болған. Аман қалғандардың арасында ол да бар.
Театрдың баспасөз қызметінен хабарлағандай, Айбар Теменовтің аяғы жараланып, қазір Алматы ауруханасында операция жасалып жатыр.
Әнші Айгүл Иманбаева өзінің жеке парақшасында жазғандай, бүгін таңертең осы рейске билет таппай, Нұр-Сұлтанға ұша алмаған. Белгілі адвокат Айман Омарова осы рейске билет алып қойса да, қорғауындағы адам адвокатқа Алматы-Көкшетау бағытында ұшатын ұшаққа билет алып берген.
Ал, Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Алматының әртүрлі ауруханасына 49 адам түскен, оның 18-інің жағдайы өте ауыр екені белгілі. Шұғыл желіге 603 қоңырау түскен. 27 желтоқсан күні таңғы сағат 07:22-де Алматы-Нұр-Сұлтан бағыты бойынша ұшқан «Бэк эйр» әуекомпаниясының №Z2100 рейстегі Fokker-100 ұшағы бетон ғимаратқа соғылды. Ішкі істер министрлігі қаза тапқан 12 адамның аты-жөнін жариялады.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-сұлтан